"Батып кеткенше қарап тұрған": Атырау облысында 13 жастағы бала жұмбақ жағдайда қаза тапты

321

Атырау облысында белгісіз жағдайда суға батып, қаза тапқан 13 жастағы баланың туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

"Батып кеткенше қарап тұрған": Атырау облысында 13 жастағы бала жұмбақ жағдайда қаза тапты Фото: Бейнежазбадан

Марқұмның жақындары қылмыстық істің бабын ауыстырып, күдіктілерді қамау керек деп есептейді.

Қайғылы оқиға тамыз айында Жайық өзенінің жағасында болған. Марқұмның туыстары Мерлан сыныптастарымен кетіп, сол күйі оралмағанын айтады.

Сөздерінше, Мерлан Сананы үлкен сыныптың балалары Жайық өзеніне итеріп жіберген. Анаргүл Қасантаева балама қастандық жасаған адамдар жазасыз қалып оты дейді. Оның үстіне тергеушілердің қайта-қайта ауысуы көңіліне күдік ұялатыпты.

"Баламды шақырып алып кеткендер жайбарақат музыка тыңдап отырды. Олардан сұрасам, Мони суға батты деп айтты. Олар сөзді бұрмалап сосын, үйге кетті дей салды. Жайық жағасына барсам, баламның киімдері жатыр. Егіздің сыңары болса, "Жанұзақ суға итеріп жіберді" деді. Айқайлаған балам құтқарыңдар дегенде құтқармай қарап тұрған. Батып кеткенше", – дейді Анаргүл Қасантаева.

Отбасы 7-сынып оқыған ұлымыздың жүзе алмайтынын әрі көзінің нашар көретінін білген үлкен сыныптағы оқушылар оны қасақана итеріп жіберді деп отыр. Бұл ақпаратты кей сыныптастары да растаған көрінеді.

"Ол бала итергенде суға түсіп, батып кетуі мүмкін екенін біліп тұрып, соны істеп тұр. Сондықтан бұл жанама пиғылмен 99-баппен дәрежелеуге жатады деп ойлаймын. Себебі жанама пиғыл дегенді прокуратура да, тергеу органдары да ұмытып кетті. Жағада тұрған Мерланды артынан келіп итеріп, суға түсіріп жіберген. Белінен итерген. Бұны көрсетіп отырған балалар бар іс бойынша. 4-5 бала бар", – дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Мақсат Төленбаев.

Адвокат бұл жайтқа әлімжеттік себеп деген пікірде. Сондықтан мектеп мұғалімдері мен жоғары сынып оқушыларынан да жауап алу керек дейді. Ал полиция тергеу әлі аяқталмаған деп қысқа қайырды. Қылмыстық істе күдіктілердің бар-жоғы да әзірге белгісіз.

"Жасөспірімнің өліміне қатысты қазір Қылмыстық кодекстің 104-бабына сәйкес, қылмыстық іс тергеліп жатыр. Яғни "Абайсызда қазаға ұшырату" дерегі бойынша, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды", – дейді Атырау облыстық Полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің инспекторы Дина Мақсотова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу