Астанада №44 орта мектепке Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді

172

Мұндағы мақсат – келешек ұрпаққа үлгі етер тұлғалардың өмірі мен тарихын, ерлік-еңбектерін кеңінен насихаттау. 

Астанада №44 орта мектепке Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы №44 орта  мектепке Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді, деп жазады inbusiness.kz сайты елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мектепте Рақымжан Қошқарбаев атындағы алғашқы әскери патриоттық кабинет те ашылды. Мұнда батырдың өмір тарихы және марапаттарымен танысуға болады. Сондай-ақ келушілер назарына батырдың фотосуреттері қойылған.

Батыр есімін иемденген оқу ордасында бүгінде 1000-нан астам оқушы білім алады.

"Бұл – мектеп үшін үлкен мереке. Білім ордасына батырдың есімі берілгенін мақтан тұтамыз. Келешекте біздің оқушыларымыз Рақымжан Қошқарбаевтың ерліктерін жалғастыратынына кәміл сенеміз. Мектебіміздің бүгінгі миссиясы – ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларға патриоттық тәрбие беру", - деді мектеп директоры Ләззат Құлтаева.

"Батырдың ерлігі – ел есінде..." атты мерекелік бағдарламасы аясында бастау алған іс-шарада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігі мен қалалық Білім басқармасының өкілдері, сондай-ақ педагогтер мен оқушылар қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу