Қазақ кәсіпқой боксшысы Батыр Жүкембаев жартылай орта салмақта IBO International чемпиондық атағын жеңіп алды. Отандасымыз Монреальдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық боксшы Косме Ревераны жетінші раундта нокаутпен ұтты, деп хабарлайды vesti.kz.
Қос боксшы арасындағы чемпиондық атақ сарапқа салынған жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған болатын. Алайда отандасымызға қарсы жекпе-жекте мексикалық боксшының қауқары 7 раундқа жетті.
Жекпе-жек басталысымен Батыр алға ұмтылды. Ширақ қимылдап, қарсыласын жылдам ұтып шығудың жолын іздей бастады. Үшінші раундта Батырдың жойқын соққысынан кейін төреші нокдаун ашты. Дегенмен Косме Ревера есін тез жинады. 5 және 6-раундтарда Батыр Жүкембаев қарсыласына жойқын соққыларын дөп тигізіп, тағы екі рет нокдаунға түсірді. Ал 7-раундтан кейін Косме Ревера жекпе-жекті жалғастыратын халде болмады. Сөйтіп төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды.