Қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаевтың (15-0, 12 КО) мексикалық Луис Хесус Видалеске (13-6, 6 КО) қарсы жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алғашқы орта салмақтағы кездесу 17 мамыр Монреальдағы бокс кешінде өтеді, кездесу форматы – он раунд. Астана уақытымен жекпе-жек 18 мамыр "Хабар" арнасынан 7:00-де тікелей эфирде көрсетіледі.
Мұның алдында Жүкембаев Golden Boy промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасуға жақын екенін айтқан. Айта кетейік, бұл компания орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварестің (52-1-2, 35 КО) жұмысын жүргізеді.
28 жастағы Жүкембаев кәсіпқойдағы алғашқы жекпе-жегін 2015 жылы Канадада өткізді. 16 наурыздағы соңғы кездесуінде ол мексикалық Хильберто Месаны (10-6-1, 6 КО) төрешілер шешімімен жеңді.
30 жастағы Видалес кәсіпқой рингте 2011 жылдан бері жұдырықтасып келеді, ал Жүкембаевпен жекпе-жек оның Мексикадан тыс алғашқы кездесуі.