Батыс Әмірліктерді Ресейге қос мақсатты тауарларды жеткізуден бас тартуға көндірмек

798

Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания мен Еуропа Одағы Біріккен Араб Әмірліктерін Ресейге соғыста қолданылуы мүмкін тауарларды жеткізуден бас тартуға көндіруді жоспарлап отыр. 

Батыс Әмірліктерді Ресейге қос мақсатты тауарларды жеткізуден бас тартуға көндірмек Фото: the Insider

Бұл туралы The Wall Street Journal (WSJ) америкалық және еуропалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Inbusiness.kz.

WSJ мәліметтері бойынша, осы аптаның басынан бастап АҚШ пен Еуропа елдерінің шенеуніктері Ресейге компьютерлік чиптерді, электронды компоненттерді және басқа да қосарланған тауарларды жеткізуді болдырмау үшін БАӘ-ге бірнеше ресми сапарларды жоспарлады.

Сонымен қатар, Парсы шығанағындағы араб монархының аты аталмаған өкілі америкалық басылымға берген сұхбатында Абу-Даби Мәскеуге жүктелген батыстық санкцияларды сақтап, қос мақсатты тауарлардың экспортын қадағалайды деп сендірді.

WSJ келтірген мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың алғашқы бес айында Әмірліктер Ресей Федерациясына компьютерлік компоненттер мен модульдерді 149 миллион долларға жеткізді. 2022 жылдың дәл осы кезеңінде жеткізілімдер бар болғаны 1 млн бағаланды. Телекоммуникациялық жабдықтардың сатылымы нөлден $64 миллионға дейін, ал электр және электронды жабдықтар $ 20 миллионға дейін өсті (2022 жылы — $ 1 млн).

Ресейлік авиакомпаниялар өткен жылдың мамырынан бастап осы жылдың маусымына дейін Мәскеуге қарсы санкцияларға қарамастан 1,2 миллиард долларлық қосалқы бөлшектерді сатып алды, деп хабарлады Reuters 23 тамызда. Британдық ақпарат агенттігі танысқан кедендік құжаттарға сәйкес, бөлшектер Ресейге Қытайдағы, Түркиядағы, Тәжікстандағы, Қырғызстан мен БАӘ-дегі делдалдық фирмалар арқылы жеткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу