Батыс Қазақстан халқы "өлім трассасымен" әлі екі жыл жүруге мәжбүр

849

Батыс Қазақстан әкімі Ғали Есқалиев Орал-Атырау бағытында жаңа жол салу 2023 жылы басталатынын мәлімдеді. Бұл туралы ОртКом қызметінде өткен брифингте "Қазақтаймс" ақпараттық порталының журналисі Асан Анарбайұлының сұрағына жауап беру барысында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Батыс Қазақстан халқы "өлім трассасымен" әлі екі жыл жүруге мәжбүр

"Дұрыс айтасыз, бұл тасжолда, өкінішке қарай, өлім көп тіркеледі. Биыл Орал қаласынан Атырау облысының шекарасына дейінгі аралыққа жобалық-сметалық құжатын дайындауға қаражат бөлінді. Төрт мердігер аумақтарды бөліп алып, жобалауды бастады. Кесте бойынша, келесі жылы жобалауды бітіреді. Үлгеріп жатсақ, 2023-те құрылыс басталады", - деді әкім.

Жалпы облыс аумағында жол құрылысының сылбырлығы мен сапасыздығына сын жиі айтылады. Оралдан Бөкей ордасы ауданына апарар жол құрылысы межелі мерзімі (2019 жылы басталған, 2021 жылдың соңында аяқталадды делінген) өтсе де, аяқталмай келеді. 

"Жолды салуға тапсырыс беруші – "ҚазАвтоЖол" компаниясы. Әрине, өзімнің де жауапкершілігімді түсінемін. Бұл құрылысытың кешеуілдеуіне субъективті және объективті себептер болды. Объективті себеп: пандемия, құрылысы материалдарының қымбаттауы, ауа райының қолайсыздығы. Субъективті фактор: кейбір мердігерге айыппұл салынды, кейбірімен келісімшарт бұзылды да қайта конкурс өткізілетін болды. Жол құрылысын 2022 жылдың соңында бітіреміз деп айтқым келеді, бірақ нақты жағдайды түсінуіміз керек", - деген әкім сөзінің соңы аяқталу мерзіміне келгенде нақтылықтан алыстап кеткендей болды.

Ол да брифингке келген басқа облыс әкімдері тәрізді "мұндай мәселе біздің аймақта ғана емес, басқаларында да бар" деген әдеттегі жауапты айналып өткен жоқ.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу