БҚО-да 500 шақырымнан астам жол жөнделеді. Бұл мақсатқа 35 миллиард теңге бөлінген. Қаржының төрттен бір бөлігі облыс орталығындағы сапасы сын көтермейтін көшелерді қайта жөндеуге жұмсалмақ, деп хабарлайды 24.kz.
Жұмыс барысы жергілікті билік тарапынан қатаң бақылауда болады. Аймақта жол жөндеу жұмыстарының бақылауға алынуы бекер емес. Жап-жаңа жолдардың бірер жылда шұрқ-тесікке айналуы кім-кімді болса да ойландырары анық. Бұл олқылықтың орнын толтыруға арналған арнайы бағдарламалар да жүзеге асып отыр. Солардың бірі мердігер компанияның сапаға қатысты кепілдік жауапкершілігі 7 жылға дейін ұзартылды.
Облыс орталығында қазір 73 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін қалада жалпы ұзындығы 75 шақырым жол жөнделеді. Ал ауылдық жерлерде 100 шақты көшені қайта жаңғырту жоспарланған. Мәселен, Бөрлі ауданында бұл мақсатқа 3 миллиард теңге бөлінген. Қазір аудан орталығы Ақсайдың бірқатар көшесінде инвесторлар қаржысы есебінен жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әзірге Батыс Қазақстан облысы аймақтар арасында жол сапасы жөнінен ең соңғы орында тұр. Дегемен, жыл санап жолдағы құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайып келеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр аймақта 300 шақырымдай жол жөнделген. Ал биыл оның ауқымы 500 шақырымға дейін ұлғайып отыр.