Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Динара Нұрсұлтанованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, биыл өңірде 1-6 жас аралығындағы 9 бала (өткен жылы – 7) терезеден құласа, соның сегізі Орал қаласында, біреуі Сырым ауданында тіркелген. Салдарынан бір бала көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай оқиғалар балаларды ата-аналарының қарауынсыз қалдыруы және ересектердің немқұрайлылығы мен жауапсыздығынан орын алып отыр.
"Жазғы маусым басталғаннан бері уәкілетті органдар түсіндіру жұмыстарын, рейдтік іс-шараларды жүргізіп, брошюралар мен қауіпсіздік жадыманаларын таратты. Төтенше жағдай органдары 20 көп балалы отбасының үйіне терезе блокаторын орнатты. Осы орайда айтарымыз, ата-аналар кішкентай балаларын қараусыз қалдырмауы, олардың терезе жанында орналасқан жиһазда ойнауына жол бермеуі қажет. Терезелерге блокаторлар мен құлыптар қою керек. Москит торы құлаудан қорғауға арналмаған. Сондықтан, оған сенуге болмайды", – дейді Д.Нұрсұлтанова.
Аға көмекшінің айтуынша, биыл сондай-ақ, 7 адам (өткен жылы – 16) суға батып кетсе, соның бесеуі – жасөспірімдер. Облыстағы су дайындарында уәкілетті органдар рұқсат берген 9 көпшілік демалыс орны (Оралда – 6, Бәйтерек ауданында – 2, Бөрліде – 1) бар.
"Жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды. Ата-аналарды балаларын көзден таса қалдырмай, шомылуға болмайтын жерлерге баруға рұқсат бермеуге шақырамыз. Бір ғана мысал, жуырда, 11 шілде күні Ақжайық ауданы Мерген ауылында суға түсуге тыйым салынған жерден үш қыздың мәйіті шығарылды. Олардың барлығы – 8-сынып оқушылары. Екеуі – 13-те, біреуі 12 жаста. Қыздар ата-анасының рұқсатымен суға түскен. Мұндайға мүлдем жол берілмеуі тиіс", – деді Динара Есболатқызы.