Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған аймақ әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында бірқатар апаттар орын алды. Бұл жайттар халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті жылу-энергетика саласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Облыстағы электр беру желілерінің тозуы 82%-ды құрап отыр. Алдағы қыс мезгілінде апатты жағдайларды азайту мақсатында 2023 жылы 2 мың шықырым астам электр желілері, 300-ге жуық қосалқы станция жөнделді", – деп атап өтті облыс әкімі.
Бұл ретте ол аймақ халқын ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқталды. Әкімнің ақпаратына сәйкес, өңірдің 47 ауылдық елді мекендерін ауыз сумен қамтуға 6,3 млрд теңге бөлініп, 44 жобаны іске асыру жоспарланып, 50%-дан астамы пайдалануға берілді.
"Қалған ауылдарды жыл соңына дейін қамтитын боламыз. Нәтижесінде жыл соңына дейін ауыл халқының ауыз сумен қамтамасыз етілуі 94%-ды құрайтын болады. 2024 жылдың жоспарына сәйкес 46 ауылды сапалы ауыз сумен қамту жоспарланып отыр", – деп қосты Нариман Төреғалиев газ мәселесіне де тоқталып.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс халқы толықтай көгілдір отынмен қамтылған.