Батыс Қазақстан облысында газ-химия кешені салынады

560

Тиісті келісімге қазақстандық және қытайлық компаниялардың арасында қол қойылды. Жобаның жалпы құны – 140 млн доллар.

Батыс Қазақстан облысында газ-химия кешені салынады Фото: total.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев CITIC Construction Co Ltd. және China Huanqiu Contracting & Engineering (Shanghai) Co., Ltd. компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Zhaik Petroleum LTD қазақстандық компаниясы мен қытайлық компания арасында жобалау, сатып алу және құрылысты қамтитын келісімшартқа қол қойылды. Осы келісімшарт арқылы Батыс Қазақстан облысында өнімділігі 130 мың тонна метанол өндіруге қауқарлы газ-химия кешенін салу көзделіп отыр. Жобаның жалпы құны – 140 млн доллар.

"Еліміздің тарапы бұл жобаны табысты іске асыру мақсатында қажетті қолдауды көрсетуге дайын. Қазір "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның даму институттарымен бірлесіп, осы жобаны қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар басталды. Өз тарапымыздан жобалау мен құрылысты жүзеге асыру, сондай-ақ жобаны сәтті іске асыру үшін қажетті жабдықтарды жеткізу жөніндегі жоспарларыңызды құптайтынымызды айтқымыз келеді", деді Қайырбек Өскенбаев.

Газ-химия кешені 2024 жылдың аяғына қарай іске қосылмақ. Бұдан кейін құны 200 млн долларға аммиак пен карбамидті шығаруға байланысты жобаның екінші кезеңі іске асырылады деген жоспар бар. Кешеннің құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде 500-ге жуық жұмыс орны, ал іске қосылғаннан кейін 220 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу