Батыс Қазақстан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға 17,7 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде осы қаражаттың арқасында жалпы құны 4,9 млрд теңге болатын 23 нысан пайдалануға берілді. Тағы төрт жоба жүзеге асырылып жатыр.
Солардың бірі – Сырым ауданының Шағырлой ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт. Бұған дейін ауыл тұрғындары 1979 жылы салынған, қазіргі талаптарға сай келмейтін ғимаратта медициналық көмек алған. Қажет болған жағдайда аудан орталығына дейін 22 шақырым жол жүруге мәжбүр болған.
Қазір жаңа медициналық пункт ауыл тұрғындарына медициналық қызметті жергілікті жерде алуға мүмкіндік берді. Оның қызметін 623-тен астам адам пайдаланып отыр.
Жобаның жалпы құны 337,8 млн теңгені құрады. Оның 136 млн теңгесі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді.
Қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен құрылыс жұмыстарының барысы прокуратура органдарының бақылауында. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын жобалардың іске асырылу барысы тұрақты қадағаланады.