Оған екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтірді деген айып тағылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, Жазилов 2024 жылдың көктемінде Өзбекстаннан келген 15 отандасымен бірге Бәйтерек ауданындағы Богатск ауылына маусымдық жұмысқа орналасқан. Олар егін шаруашылығымен айналысып, "балаған" деп аталатын уақытша баспанада тұрған.
Мамыр айында Жазилов пен оның жерлестері арасында жанжал туындаған. Ашуға бой алдырған ол балта мен айыр алып, айналасындағыларға қоқан-лоқы көрсеткен. Кейін қолына бензин құйылған канистрді алып, газ плитасының үстіне лақтырған. Сол сәтте жалын тұтанып, өрт басталған. Қарулы оттан төрт адам қашып үлгермей, алған күйіктерінен сол жерде жан тапсырды. Тағы бір адам ауыр жарақат алған.
Марқұмдардың барлығы бір отбасының мүшелері болған. Олардың туыстары сотта Жазиловты өмір бойына бас бостандығынан айыруды ғана сұраған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, канистрде бензин емес, су болған және ол ешкімді өлтіруді мақсат етпеген. Дегенмен, куәгерлер оның “бәріңді өлтіремін” деп қорқытқанын және канистрде жанармай бар екенін білгенін растады.
Сот шешімі бойынша, Шафкат Жазилов екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.