Батыс Қазақстан облысында жаңғыртылған теміржол инфрақұрылымы нысандарын кезең-кезеңімен пайдалануға беру жалғасуда. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Семиглавый Мар станциясының вокзалы мен Ақсай қаласындағы Қазақстан теміржол вокзалы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Вокзалдарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді. Бағдарлама жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, өңірлердегі көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.
Тарихы 90 жылдан асатын Қазақстан теміржол вокзалы толықтай жаңартылды. Қайта жаңғырту барысында вокзал ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, екі жолаушылар платформасы жаңартылды, жаяу жүргіншілер көпірі қалпына келтірілді, инженерлік желілер жаңғыртылып, вокзал маңы абаттандырылды.
Жобаларды іске асыру кезінде кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Вокзалдарда мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қатынауына қажетті жағдай жасалып, күту залдары мен жолаушыларға арналған инфрақұрылым заманауи талаптарға сай жаңартылды.
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында теміржол көлігімен 419 мың жолаушы тасымалданып, 5 млн тоннадан астам жүк жеткізілді. Жаңғыртылған вокзалдар өңір тұрғындары мен қонақтарына көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.