Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Алғабас ауылында тұрғындар орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратура қайтарған активтер есебінен жүзеге асырылды. Оның құны 576,9 млн теңгені құрайды.
Бұған дейін елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі болмаған. Тұрғындар жыл мезгіліне және судың сапасына қарамастан, құдық суын пайдалануға мәжбүр болған.
Жоба аясында екі су ұңғымасы бұрғыланып, елді мекенді тұрақты сумен қамтамасыз етуге қажетті инженерлік инфрақұрылым салынды.
Нәтижесінде 200-ден астам абонент өз үйлерінде сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Жоба мемлекетке қайтарылған активтердің халық игілігіне бағытталып, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге жұмсалып жатқанын көрсетеді.