Батыс Қазақстан облысындағы тасқын ахуалы әлі де күрделі

254

Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте су тасқынына қарсы кезеңде қабылданатын шаралар туралы жедел ақпарат ұсынылды

Батыс Қазақстан облысындағы тасқын ахуалы әлі де күрделі Фото: Үкімет

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өңірдегі жағдай әлі де күрделі. Мамандардың бүгін таңмен берген мәліметіне сәйкес, Ресейдің Орынбор облысынан бастау алған көлемді су өңірімізге 20 сәуір күндері келеді деп болжанып отыр. Таңертеңгі ақпарат бойынша Жайық өзеніндегі судың деңгейі 776 сантимертді құраған. Яғни, кешегі мөлшермен салыстырғанда 8 сантиметрге артқан. Осыған байланысты Жайық өзеніне жақын орналасқан облысымыздың Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласындағы қауіпті аймақтардан тұрғындар эвакуациялануда", - деді спикер.

Сөзінше, тасқын басталғалы бері барлығы 13614 адам эвакуацияланған. Оның ішінде балалар саны – 5653.

"Су басқан учаскелерден эвакуацияланған тұрғындарды орналастыру үшін сыйымдылығы 9 мыңға жуық орынға лайықталған 161 уақытша орналастыру пункттері дайындалды. Бүгінгі таңда 15 эвакуациялық пунктте 2 189 адам бар. Өңіріміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларға облысымыздан және басқа аймақтардан барлығы 6478 адам, 1574 техника жұмылдырылды, оның ішінде 790 арнайы техникалар", - деп жалғастырды БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы.

ТЖМ және Ұлттық ұланның тікұшақтарының экипаждары қажет болған жағдайда гуманитарлық көмекті жеткізуді жүзеге асырып, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізеді, деп атап өтті ол.

"Өңірімізге Үкімет басшысы іс-сапармен келіп, облыстың су тасқынына дайындық барысын тексеруде. Су тасқыны жағдайы БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің бақылауында. Облыста тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ететін стратегиялық нысандарды қорғау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, Оралда "Батыс су арнасы" ЖШС, "Жайықжылуэнерго" АҚ, Электр желілері және Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін нысандар мен т.б объектілерде тасқынға қарсы жұмыстар күшейтілді. "Жайық өзені бойындағы стратегиялық нысандарды су тасқынынан қорғау үшін бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындар қазір қалыпты режімде жұмыс істеп тұр", - деді Ерхан Таткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу