Батыс Қазақстан облысының 4 ауданында төтенше жағдай жарияланды

620

Еліміздің батысында  су тасқынының қаупі сейілмей тұр. 

Батыс Қазақстан облысының  4 ауданында төтенше жағдай жарияланды Фото: Uralskweek.kz

Орал қаласы мен өзен бойындағы елді мекендерде  селдің салдарын жою жұмыстары тәулік бойына жалғасуда.   Онда 50 ден астам үйге су кірген. Бүгін,  Қаратөбе ауданында   тас жолды  су шайып кетіп, өңірдегі төртінші ауданда төтенше жағдай жарияланды.  Қазір кей ауылдар жол қатынасынсыз қалса, енді бірінде  жарық өшірілді.  Ал, Ақтөбе облысының Қобда ауданында да жағдай күрделі. 

Батыс Қазақстан облысында барлық күш құрылымдары құтқару жұмыстарына тартылған.  Мұндағы төрт ауданда 50 ден астам үй суда қалды.  Кеше  Маштаков ауылына қауіп төніп,  80-ге жуық тұрғын эвакуцияланды. Сондай-ақ, Орал қаласы маңындағы саяжай тұрғындарын  қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары  түні бойы  жалғасты. 

Ал, Сырым ауданына қарасты Жамбыл ауылында  электр желілері істен шығып, ауыл жұрты  жарықсыз қалды. Жалпы,  өңірдегі тас жолдардың  11 учаскесін су басқан.  Салдарынан  12 ауылмен  жол қатынысы  мүлде тоқтады. Қазір мұнда жөндеу  жұмыстары жүруде.  Ал, кеше қоршауда қалған Қоржын ауылымен  жол қатынасы  қайта жанданды. 

"Облыс бойынша алдын ала көшірілген 265 адамның 26-сы үйлеріне оралды. 33-і эвакуациялық қосынға, 206-сы туысқандарының үйлеріне орналастырылды. 282 бас мал қауіпсіз жерлерге айдалды. Апаттық-құтқару жұмыстарына 996 адам, 323 техника жұмылдырылды. Соның ішінде Атырау және Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменттерінің күш-құралдары қауіпті аймақтарға жіберілді", дейді Облыстық ТЖД  басқарма басшысы Нұралы Мұсиев.

Қар суы  Ақтөбе обысындағы Қобда елді мекенін де жайлап, жұртшылықты  әбігерге салды. Аудан орталығында 51 үйге су кірген.  Одан бөлек дене шынықтыру нысаны мен көлік техникалық орталығын да су басып қалды. 

"Ол жақтағы судың деңгейі түсіп келе жатыр, бірақ бақылауда тұр. Жалпы, облыс бойынша жағдай тұрақты. Мәртөк, Ойыл, Темір, Мұғалжар -  бар жақта жұмыстар атқарылып жатыр. Қобда ауданында қазір деген  полиция күштерімен суға кеткен үйлер маңында бақылау жүргізіліп жатыр. Екіншіден, басқа өңірден көмек ретінде күштер мен құралдар келген жоқ, себебі өзімізде жеткілікті", дейді Облыстық Т ЖД басқарма басшысы Құмар Тұрмағамбетов.  

Қобдада алты мыңға жуық халық тұрады. Су аудан орталығындағы бірнеше көшеге кірген.  Облыс әкімі Ералы Тоғжанов мұндағы әр отбасыға көмек көрсетіледі дейді.   

"Жергілікті жерде арнайы  комиссия құрылды. Тез арада сол комиссияның қазір тексеруіне байланысты тез шешімдер қабылданып, халықтың жағдайы, бәрі,  үйлер қалпына келтіріліеді. Жаңадан осы жерде екі үй  салынып жатыр, халыққа қажетті болса, сол үйге кіргізуге мүмкіндік бар. Судың кетуі қазір бір жұманың ішінде деп есептеп отырмыз", дейді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Ауылдарға төнген қауіптің бетін қайтару үшін "Самара-Шымкент" халықаралық маңызы бар тас жолды уақытша бұзылған болатын. Бүгін бұл жол қайта қалпына келтірілді. Қазір екі өңірде де арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға келген шығын көлемі есептелуде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу