Батыс Қазақстан облысының әкімі жаңа жылға 28 миллион теңге бөлгенін айтты

Бұл қаржы 12 аудан мен 1 қалаға қаралған. 

Батыс Қазақстан облысының әкімі жаңа жылға 28 миллион теңге бөлгенін айтты Фото: ИНФОРМБИРЖА news

Тиісінше, әкім биыл жаңа жылға шырша сатып алмайтынын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс басшысы Нариман Төреғалиев мерекелік іс-шаралардағы шығындар жөнінде хабарлаған.

– Облыс бойынша 12 аудан мен 1 қаладағы безендіру жұмыстарына 28 миллион теңге бөлінген. Бізде мен бұл қызметке келгенге дейін сатып алынған шыршалар бар, соларды биыл да қолданамыз. Сәйкесінше, жыл сайын жаңа шырша сатып алып жүрмейміз, – деді ол.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов аймақтағы жедел жәрдем көліктерінің 82%-ы тозғанын еске салып, "отшашуға ақша бар, бірақ көлікті жаңартуға қаржы жоқ" деп сынаған болатын.

Нариман Төреғалиев барлық шығын осы 28 миллионның ішінде екенін, мұны 12 аудан мен 1 қалаға бөлгенде түк болмай қалатынын айтып отыр.

– Отшашуды да осы 28 миллион теңгеге сатып аламыз. Сонымен қатар, осал топтан шыққан балаларға табысталатын сыйлықтар алынады. Жыл сайын мұқтаж және ерекше балаларды қалаға шақырып, іс-шара өткіземіз. 12 аудан мен 1 қалаға бөлгенде бұл қаржы түк емес, –  деп түйіндеді сөзін әкім.

Айта кетейік, былтыр Батыс Қазақстан облысында отшашуларға 32 миллион теңге қаралған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу