Батыс Қазақстан облысының үздік тауар өндірушілері марапатталды

1096

Батыс Қазақстан облысының үздік тауар өндірушілері марапатталды

Орал қаласында "Қазақстанның үздік тауары - 2017" облыстық көрме-байқауы мәреге жетіп, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтің айтуынша, аталмыш байқау елбасы тапсырмасына сәйкес 2006 жылдан бері ұйымдастырылып, еліміз бойынша үздік атанғандарға "Алтын сапа" сыйлығы тапсырылып келеді. Мұндай марапатқа ие болғандар қатарында батысқазақстандық "Кублей", "Агропродукт ЛТД" компаниялары бар. Сол секілді "Гидромаш - Орион МЖБК", "Желаев нан өнімдері комбинаты", "Стекло-Сервис" ЖШС тауарлары да республикалық деңгейде жоғары бағаланды. Бұл жолы қырыққа жуық кәсіпорындардың өнімдері көрмеге қойылып, өндірістік, халық тұтынатын, азық-түлік тауарлары сарапқа салынды.

Байқау қорытындысында "Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы ЖШС (директоры Валерий Крылов) "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" аталымы бойынша үздік шықса, "Орал трансформатор зауыты" ЖШС екінші, "Азот зауыты" ЖШС үшінші орынға ие болды. "Халық тұтынатын үздік тауарлар" аталымы бойынша "Конденсат" АҚ (басшысы Валерий Жүнісов), "Мария ханым" сән үйі - "Жұлдыз" ЖК, KazStepService" ЖШС жүлделі орындарды бөлісті. "Үздік азық-түлік тауарлары" аталымынан "Нұржанар" ЖШС (басшысы Рустам Ахметов) озса, "Родник" ЖШС, "Орал құс фабрикасы" ЖШС сәйкесінше екінші, үшінші орындарға көтерілді.

Жеңімпаз-жүлдегер компанияларға дипломдар мен "Қазақстанның үздік тауары" ескерткіш белгісі тапсырылды. Жеңімпаздар Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өтетін республикалық байқауға қатысады.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу