Батыс Қазақстан тұрғыны Мағжан Аққожин монтаж көбігімен есіктерді бекітіп, үйін су тасқынынан қалай аман алып қалғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол "1001 түн" бағдарламасына берген сұқбатында бұл ойдың қалай келгенін баяндап берді.
"Былтыр ғана салған үйім еді. Түнімен ауыл әкімі, ауыл жастарымен сумен арпалысып, бөгет салдық, бірақ таңға таяу су ауылға кіріп кетті. Отбасымды эвакуация жасадық. Не де болса жылдам әрекет ету керек болды. Үйдің іргетасы судан қорғалғандықтан, есіктерден қауіптеніп, монтаж көбігімен бекітуді жөн санадым" - дейді ол.
Мағжан қауіптің беті сейілгенде үйіне келіп қараса, ішке бір тамшы су кірмеген.
"Сол кезде отбасыма үйдің жайын көрсету үшін видео түсіргем. Сол бейнежазбам әлеуметтік желіде тарап кетіпті", - дейді ол.