Бәйтерек ауданында прокурорлардың араласуынан кейін "KAZMEAT Ақжайық" ЖШС-ның инвестициялық жобасына қажетті жер учаскесін жалға алу мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құны 1,2 млрд теңге болатын жоба мал азығын өндіруге арналған суару жүйесін және асыл тұқымды мал шаруашылығы фермасын құруды көздейді. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 800 гектар алқаптан мал азығын өндіріп, 200 бас ірі қара ұстай алады. Сонымен қатар 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
Инвестор жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту туралы аудан әкімдігіне өтініш берген. Алайда өтініш белгіленген уақытта қаралмай, жобаны іске асыруға кедергі болған.
Инвестордың прокуратураға жүгінуінен кейін мәселе шешіліп, жерді жалға алу мерзімі ұзартылды. Бұдан бөлек, кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.