Оқиға Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Ұрысай елді мекенінде болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Қойларға қандай жыртқыштың шапқаны белгісіз. Ит, қасқыр немесе шибөрі болуы да мүмкін. Нақты анықталмады. Қорада үріккен қойлардың көпшілігі тапалып өлген. Күні бүгін шығынға ұшыраған қойдың есебі алынып, өлекселер мал моласына жеткізіліп, жойылды, – деді ведомство.
Шыңғырлау аудандық ветеринария стансасының директоры Досқанат Сағынбайдың айтуынша, оқиға таңға жуық уақытта болған.
Бақташы ауыл тұрғындарының қойларын ашық және тесіктері бар қораға қамап кеткен.
– Жыртқыш тесіктен кіріп, 2 қой, 3 ешкіні жарақаттаған. Қалған 60-ы тапалып өлген. Қойлардың жартысы есепте жоқ болып шықты. Сонымен бірге, 15 жылдай мал бағып жүрген бақташы ауыл әкімдігімен де, тұрғындармен де келісім-шартқа отырмаған. Ветеринария стансасының мамандары әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, өлекселерді жинап, өртеу жұмыстарын атқарды. Тиісті актілер жасалды, –деді Д.Сағынбай.
Ветеринар мамандар тексеруі барысында өлген малдан аса қауіпті аурулардың белгілері анықталмағанын айтты.