Жәнібек ауданына қарасты Борсы ауылдық округінде 83 киіктің ұшасы табылды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті облыстық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешев мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
Маманның айтуынша, "Охотзоопром" өндірістік бірлестігі Орал филиалының қызметкерлері анықтағанындай, киіктер аурудан емес, көктемгі су тасқыны кезінде қырылған. Аналық киіктердің бәрі де Ащыөзек өзенінен табылды. Ветеринарлық талаптарды сақтай отырып, өлекселерді көму жұмысы жүргізілді.
Еске сала кетейік, облыс аумағында өткен жылы 70,2 мыңнан астам киік санаққа іліккен болатын, бұл – республикадағы барлық киік санының 70 пайызы.
"Биылғы киік санағы мамандардың қатысуымен бүгіннен басталды. Олардың қанша екенін көп ұзамай білеміз", – дейді Қайрат Қадешев.