Қаратөбе ауданында алимент төлемеген борышкерлерге қатысты заңды шаралар қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2022 жылғы 12 желтоқсанда Қаратөбе аудандық соты Ж. есімді азаматтан табысының үштен бір бөлігін алимент ретінде өндіру туралы шешім шығарды. Алайда сот шешіміне қарамастан, борышкер қарызды төлемей, ескерту хабарламаларын елемеді.
2024 жылғы 11 желтоқсанда Қаратөбе аудандық соты Ж. азаматты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 1 тәулікке қамауға алды.
Осыған ұқсас жағдай Г. есімді азаматпен де тіркелді. 2024 жылғы 18 желтоқсанда алимент төлеуден жалтарғаны үшін ол да сот шешімімен 1 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
2024 жылы Қаратөбе ауданында алимент төлемеген 5 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес бір борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бұл шаралар алимент төлеуден жалтарғандардың жауапкершілігін арттыру мақсатында қолға алынған.