Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала әкімінің орынбасары Саягүл Галиева белгіленген жылдамдықты асырып, көлігін тұраққа дұрыс қоймағаны үшін айыппұл арқалады. Бұл туралы заңгер және белсенді Бауыржан Зәки өзінің желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құқық қорғаушының сөзінше, шенеунік қоғамдық бақылаудың арқасында 36 920 теңге айыппұл төледі.
"Биыл 7 қазанда маған мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетіне қатысты шағым келіп түсті. Онда Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Саягүл Галиеваның өзі жүргізетін Kia Rio көлігін жолдың үстіне қойып, басқа көліктерге кедергі жасағаны көрсетілген. Сондай-ақ, осы көлікпен жылдамдықты асырып, ол деректер 15 тамыз және 22 қыркүйекте автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық жүйеге түскен. Бірақ, олар төленбеген", – деді Бауыржан Зәки.
Адвокат 9 қазанда тиісті хатты БҚО полициясының бастығына жолдаған.
"Тасқала полиция бастығының м.а. осы үш дерек бойынша хаттамалар толтырылып, айыппұлдарды Саягүл Галиева 11 және 15 қазанда төлегенін хабарлады", - делінген ақпаратта.