Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында балабақша бухгалтері бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде иемденді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аудан прокуратурасының тексеруі кезінде есепшінің штаттық кестеде белгіленген жалақыдан артық қаражатты бес жыл бойы өзінің банктік шотына негізсіз аударып келгені анықталды. Келтірілген шығын көлемі 30 млн теңгеден асады.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Істі тергеу Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.
Аталған бап бойынша мүлікті тәркілеу және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырумен қатар, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Заңға сәйкес істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.