Батыс Қазақстанда бірден 4 әкім орынбасары айыппұл арқалады

244

Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы ғарыштық мониторинг деректері бойынша 183 заңсыз қоқыс орны анықталды.

Батыс Қазақстанда бірден 4 әкім орынбасары айыппұл арқалады Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов

БҚО бойынша Экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 90-ы Бәйтерек, 35-і Бөрлі, 27-сі Теректі ауданы және 31-і Орал қаласының үлесіне тиеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзіне қарағанда, заңсыз қоқыстың 154-і немесе 85 пайызы жойылған.

– Облыстың табиғат қорғау прокурорының ұсынуы бойынша заңсыз қоқыс орындарын уақытылы жоймағаны үшін Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандары және Орал қаласы әкімінің орынбасарлары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 344-бабы 3-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысы қысқартылған тәртіппен 50 АЕК көлемінде (196,6 мың теңге) айыппұл төледі, – деді М.Ермекқалиев.

Оның айтуынша, аудан әкімдері заңсыз қоқыс орындарын уақытылы жоймаудағы негізгі себеп ретінде қаржыландырудың жеткіліксіз екендігін алға тартады.

– Тағы бір ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе – Чапаев, Казталов және Жалпақтал ауылдарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу жобалары көп жылдан бері жүзеге асырылмай келеді. Бұлардың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Жалпы құны 1 млрд теңгеден аспайды. Соған қарамастан іске асырылмай отыр. Салдарынан соңғы жеті жылда облыс аумағында бірде-бір жаңа ҚТҚ полигоны пайдалануға берілмеген, – деп қосты М.Ермекқалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу