БҚО қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биыл бірінші жартыжылдықта әлеуметтік салаға 310 млрд теңге қаралған немесе бұл – бюджет көлемінің 52,2 пайызы.
Нұрлан Мұхитұлының сөзіне қарағанда, экономиканың нақты секторына 199,3 млрд теңге (33,6 пайыз), соның ішінде аграрлық-өнеркәсіптік салаға 76,9 млрд, көлікке 56,4 млрд, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 66 млрд теңге берілген.
"Облыс бюджетінің шығыстары бірінші жартыжылдықта 263 млрд теңгеге немесе жоспар 96,9 пайызға (2024 жылы осы мерзімде – 251 млрд, өсім – 12 млрд теңге) орындалды. Облыс бойынша 8,6 млрд теңге игерілмеген", – деді Н.Есенғалиев.
Оның айтуынша, осы жылы даму бюджетіне 69,6 млрд теңге бағытталды. 1 шілдеге дейін жоспардағы 31,9 млрд теңгенің 24,8 млрд теңгесі немесе 77,6 пайызы игерілді. Сол секілді республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер мен несиелер бойынша жоспар 26,3 млрд теңге болса, ол тек 73,9 пайызға (19,4 млрд) орындалды. Мұның басты себебі – жоғары тұрған бюджеттен трансферттердің түспеуі (4,9 млрд теңге).