29 наурыз күні соққан қатты жел Қазталов ауданында мектеп пен тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды inform.kz.
Сағат 14.50 шамасында қатты жел Бостандық ауылындағы үш қабатты орта мектептің шатырын жартылай жұлып әкетті. Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Алтын Ақбаеваның айтуынша, жел жылдамдығы секундына 27-28 метрге жеткен. 1982 салынған ғимараттың бұдан бұрын да 2015 және 2016 жылдары шатырын жел жұлып әкеткен. Оқиға биыл да қайталанып отыр. Осыған орай аудан орталығынан төтенше жағдай мамандары келіп, тексеру жұмысын жүргізді.
Сонымен қатар аудан орталығы Қазталов ауылындағы Ш.Шарафутдинов көшесі 9 мекен-жайындағы үйдің шатырын қатты жел төңкеріп тастады. Төрт пәтерлі ғимаратта осыдан екі жыл бұрын тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасымен жөндеу жұмысы жүргізілген екен. Үй иесінің айтуынша, оған 4 миллионнан астам теңге жұмсалыпты.
Абырой болғанда, екі оқиға кезінде де зардап шеккендер жоқ. Мектеп оқушылары бұл күндері демалыста.
Айта кетейік, 28 наурыз күні БҚО төтенше жағдай департаменті өңірде 29 наурызда күн жауын-шашынды болып, бұрқасындатып, желдің күшейетіні жөнінде ескерту жариялаған еді. Сондықтан табиғаттың "тосын сыйынан" кейін мұндай күйге ұшырағандар басқа жерлерде де болуы әбден ықтимал.