Бұл маңнан өткен аптаның өзінде 560-тан аса киік өлексесі табылып, жойылғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде кеңінен тараған бейнежазбаға қатысты ой-пікірін айтты. Олар оқиғаның Қараоба ауылдық округіне қарасты Әбдіреш қыстағы маңында болғанын алға тартады. Тұрғындар пікірінше, сол аумақта 160-қа жуық киік өлексесі суда қалқып тұр.
– Тек судан ғана емес, басқа жерлерден де киік өлексесін байқауға болады. Мал сол өзеннен су ішіп жатыр. Ол ештеңе емес, Бостандық секілді ауыл тұрғындары тазарту құрылғылары арқылы Сарыөзеннің суын тұтынады. Мұндай судың адам денсаулығына қауіп төндірмесіне кім кепіл? Сондықтан, судың құрамын толық тексеру қажет. Өзенді өлекселерден тазарту керек, – дейді тұрғындар.
Ал БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов аталған оқиғаны растап отыр. Оның сөзінше, киіктер өзеннен өте алмай өлуде.
– Хабар бүгін түсті. "Бөкейорда" табиғи резерватының басшылығына айтылды. Арнайы топ барады. Бұл бірінші оқиға емес, өткен аптада сол аймақтан суға батқан 562 бас киік өлексесі жойылды. Киіктер өзеннен әрлі-берлі өткенде шыға алмай қалып тұр, – деген ол Kazinform тілшісіне берген жауабында.