Батыс Қазақстан облысында алдағы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мәлім етті. Оның айтуынша, су тасқынына қарсы шаралардың арқасында 186 елді мекеннің 118-інде қауіп азайтылды.
"Дайындық барысында өзендердегі су деңгейіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Су деңгейінің мониторингін дамыту үшін облыс аумағында 22 гидрологиялық бекет жұмыс жасайды. Қосымша су тасқыны кезеңіне дейін 7 жаңа гидробекет ашылады", – дейді Б.Нарымбетов.
Сонымен қатар үш үлкен өзенде (Жайық, Шаған, Деркөл) жасанды интелектті қолдана отырып, 3 автоматтандырылған су тасқыны қаупін алдын ала анықтау жүйесі орнатылатын болады (жоба құны – 99,5 млн теңге). Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алуда байқау жарияланды.
"Облыстың су тасқыны қаупі бар 2 өзенінде санация жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, Деркөл өзені бойынша Тасқала ауылы тұсында құрылыс-монтаж жұмыстары 600 млн теңгеге бағаланған жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Шыңғырлау өзені бойынша жоба әзірленуде. 11 шақырым қашықтықта жұмысты іріктеп жүргізу үшін 22 млн теңге бөлінді", – деді Б.Нарымбетов.