ҰҚК Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік шекара арқылы тауарды заңсыз импорттау арнасының жолын кесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соттың санкциясымен Батыс Қазақстан облысы Мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшыларының бірі мен елорда тұрғыны ұсталып, қамауға алынды.
"Көрсетілген тұлғалар ақшалай сыйақыға елге халық тұтынатын тауарларды кедергісіз әкелу үшін шетелдік азаматтарға көмек көрсеткен. Олардың 100 млн теңгеден астам пара алғаны процестік тұрғыда құжатта көрсетілген", – делінген хабарламада.
Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын 1,9 млрд теңгені құрады.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.