Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін толық қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті қызмет көрсету процестеріне тұрақты түрде талдау жүргізіп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар маңызды ұсыныстар әзірленді. Олар мемлекеттік қызметтерді құқықтық реттеуді жетілдіру, автоматтандыру деңгейін арттыру, техникалық мүмкіндіктерді кеңейту және жалпы қызмет көрсету процестерін оңтайландыру бағыттарын қамтиды.
Атап айтқанда, қорғаншылық және қамқоршылық бойынша анықтама беру қызметі толық автоматтандырылды. Енді анықтама көрсетілетін қызметті беруші қызметкерлердің қатысуынсыз автоматты түрде дайындалып, ұсынылады. Бұған дейін бұл процесс мамандардың қатысуымен жүзеге асырылатын.
Сонымен қатар, "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру" қызметі аясында жүйеге бұрын енгізілмеген жоғары оқу орындары қосылды.
Бұдан бөлек, "Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу" қызметіне негізгі жер учаскесіне қосымша учаске беру жөніндегі жаңа кіші қызмет түрі енгізілді.
Департамент қызмет көрсету барысында уақыт пен сапа стандарттарының сақталуын да ерекше бақылауда ұстайды. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтердің ішкі бақылау жүйесі жолға қойылған, бұл кемшіліктерді дер кезінде анықтап, жоюға мүмкіндік береді.
Цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізу мемлекеттік қызметтерді жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, халыққа бағытталған тиімді қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.