Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында "EcoClub" ЖШС-ның өндірістік нысаны іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Зауыттың ашылу рәсіміне аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
Бұл бастама өңірлік агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Серіктестік басшысы Бауыржан Сабанов тың жобаны жүзеге асыру үшін "Ақжайық" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие алған.
Жобаның жалпы құны 630 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын толық қуатына көшкенде айына 200 тоннаға дейін дайын өнім өндіре алады. Өндіріске қолданылатын заманауи жабдықтар Солтүстік Қазақстан облысынан жеткізілген. Олар технологиялық тиімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өнім сапасының жоғары болуына жол ашады. Өндірісті автоматтандыру еңбек өнімділігін арттыруға және кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы былтыр облыстың өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 112,2 пайызға ұлғайып, 379,7 млрд теңге болғанынатап өтті.
– Бұл көрсеткіш – жай ғана статистика емес, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететін маңызды фактор. Біріншіден, өндіріс көлемінің ұлғаюы салық түсімдерін арттырады. Екіншіден, тұрақты жұмыс орындары көбейеді. Үшіншіден, экономикалық өсім ауылдарды инфрақұрылыммен қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорын осы сенім үдесінен шығады деп ойлаймыз. Зауыт ұжымына өндірістік өсу, толайым табыс тілеймін, – деді Нариман Төреғалиев.