Ал ет бағасының шарықтауына бірнеше фактор әсер еткен, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
Мысалы, Орал қаласында орталық "Мирлан" базарындағы ет сатушы Жанна Ақпанова қазіргі кезде мұнда жылқы етінің келісі 2 500-2 600, сиыр 2 600-2 700, қой 2 500 теңгеден әкелініп жатқанын айтады.
– Біздер осыған 100-200 теңге қосамыз. Жергілікті әкімдік бағаны бақылап отырады. Сом еттер 4 мың теңгеге дейін кетіп қалды. Өткен жылы осы кезеңде біршама арзан болған еді, – дейді ол.
Сатушылар ет бағасының өсуін Өзбекстаннан сұраныстың көптігімен байланыстырып отыр. Бірақ, мұнан басқа себептер де жоқ емес.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин тауар өндірушілер қала базарлары мен дүкендерге жайылым малын әр килосына 2 500, бордақылауда тұрғанын 2 900 теңгеден өткізіп жатқанын мәлімдеді. Яғни, ет өткізу бағасы биылғы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда, 500 теңгеге қымбаттағаны сезіледі.
– Облысымыздағы мал бордақылау алаңдары тірілей салмақтағы бұқашықтарды қабылдау бағасын еліміздің оңтүстік өңірлері сатып алушыларымен бәсекелестікте болу үшін амалсыз арттыруға мәжбүр болып отыр. Сәйкесінше, бұл бордақылаудан шығатын малдың бағасына ықпал етеді. Қала базарлары мен арнайы дүкендердегі қымбатшылыққа оңтүстік өңірлерден келген сатып алушылардың, сондай-ақ Маңғыстау және Атырау облыстарында сиыр етіне жоғары баға ұсынуы үлкен әсерін тигізіп отыр, – деп ашынады ол.
Оның сөзінше, облыс өзін-өзі ірі қара мал етімен толық қамтуда. 2025 жылы облыстан тек 5 510 бас бұқашық және 233 тонна ет қалбырлары экспортталған. Бұлар Иран, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне бағытталды. Оған қоса, еліміздің басқа өңірлеріне 50,5 мың бас ірі қара бордақылауға және етке өткізіліп отыр.
Бөрлі ауылының тұрғыны, "Сисенғалиев Р.А." шаруа қожалығының басшысы Исатай Сисенғалиев ет бағасының әлі де қымбаттауы мүмкін екенін жасырмайды. Өйткені, қазір жем-шөп қымбат, жайылымды киік таптаған әрі жанар-жағармай, техника мен қосалқы бөлшектер бағасы да күн санап өсіп барады.
– Тағы бір мәселе, мал шаруашылығына жастар қызықпайды, келмейді. Малшылар мен фермерлердің жасы алды алпыстан, соңы қырықтан асып кетті. Төрт түлік азайса, алдағы екі-үш жылда ет бағасы бұдан да қымбаттауы мүмкін. Өзбекстан мен Қырғызстанда ет бағасы біздегіден әлдеқайда жоғары. Картоптың бағасы – 500 теңге, сәбіз 800 теңге болғанда, ет неге қымбаттамауы керек? Алушыларға қиын болғанымен, ауыл халқы өз еңбегінің жемісін көруі қажет. Биыл Жәнібек ауданы, Талов ауылының шаруалары 400-500 шақырым жерден шөп сатып алып жатыр, – дейді ол.