Батыс облыстар көктемгі су тасқынына дайындалуда

1297

Жайық деңгейі төмендесе де төтенше жағдай қаупі бар.

Батыс облыстар көктемгі су тасқынына дайындалуда

Соңғы жылдары Жайық өзені қатты тартылды. Соған қарамастан, төтенше жағдай қызметтері көктем мезгілінде су тасқыны болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"Қазгидромет" РМК алдағы су тасқынына арналған алдын-ала болжамына сүйенсек, республиканың солтүстік, орталық, батыс және шығыс өңірлерінің өзендерінде су тасқыны көп сулы, ақпан-наурыз айларында жауын-шашын норма көлемінде немесе нормадан жоғары болған жағдайда өзендерде жоғары жайылма-жаңбыр су тасқынының қалыптасуы, әсіресе, ауа райының күрт жылуы мен қатты жауын-шашын жағдайында судың төгілуі мен су басуы мүмкін. Сондықтан "сақтансаң сақтаймын" деген қағиданы ұстанған Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында болуы мүмкін төтенше оқиғаларға дайындық жағдайы тексерілді. 

Атырау облысында су тасқыны кезеңінде Жайық, Қиғаш, Шарон, Жем, Ойыл және Сағыз өзендерінің жайылма алқаптары қауіпті учаскелер болып табылады. Су аз келіп жатыр дегенмен, оның бастауындағы РФ Ириклин су қоймасы көктемде суды көп мөлшерде жіберуі мүмкін. Мұндай кезде қамсыз отырмасаң қапы қаласың. Сол сияқты, Жайық өзеніндегі мұз кептелістері мен Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінің бастауларындағы қардың еруі қандай салдарларға әкеп соғатынын айту да қиын. 

Атырау облысы ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде" мұндай табиғи апат жағдайларына қарсы 25 жедел құтқару жасағынан 21 қызметкермен бірге 5 жоғары өтімді автотехника, 12 бірлік мотопомпа және 3 бірлік үрмелі қайық бар. Ал БҚО-да көктемгі кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайды жоюға тартылатын күштер мен құралдардың жалпы тобы 2591 адамды, 734 техниканы, 45 жүзу құралы мен  295 мотопомпаны құрап тұр.

Су тасқынына әкеп соғатын себептің бірі – қыстыгүні жауған қарды уақыылы тазартпау. Сол себепті, қазіргі кезде БҚО-да "Су тасқыны 2021" айлығы жарияланған.

Әзірге 461 мың мекше метрден астам қар тасылып,  1150 текше метр еріген су сорылып алынған. Жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ, Орал қаласында қарды уақтылы жинамаған 4 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс бойынша резервке 1,5 млрд.теңге қойылмақ, оның ішінде,  жанар-жағармай материалдары, қаптар, инертті материалдар қорынан бастап, аэровизуальді зерттеулер жүргізу үшін тікұшақты пайдалануға дейін қарастырылған. 

Қазірде өзендер бойынша жағдай тұрақты. Дегенмен, елдің батысындағы облыстар өзара және Ресей Федерациясының шекаралас облыстарымен болжамдармен және жедел ақпараттармен тұрақты бөлісіп отыр. 

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу