"Батыс су арнасы" тарифті көтеруге салынған мораторийге өкпелі

1123

Мекеме басшылығының айтуынша, тарифтің төмендігі мекемені қарызға батырған.

"Батыс су арнасы" тарифті көтеруге салынған мораторийге өкпелі

Бұған дейін де жұмысында кемшіліктер болып, басшылығы өзгерген мекеме қызметкерлері жарты жылдан бері жалақыларын кешіктіріп алумен келеді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"Батыс су арнасы" ЖШС-да жұмыс істейтін 846 адам соңғы айларда жалақыларын уақытында ала алмай келеді. Бұдан бөлек мекеме тарапынан зейнетақы, МӘМС жарналары да аударылмаған. Салдарынан несиесі бар қызметкерлер банкке қарыз болып, науқастанғандары емханаға қарала алмай жүр. 

98 адам жұмыстан шығып кетіпті, сол себепті серіктестестікте білікті мамандар да жетіспейді.

"Біз келіп түскен қаражатты кідіртпей учаскелер бойынша қызметкерлерге шетінен төлеп отырмыз. Қазіргі күні тұтынушылардың қарызы 120 млн теңге құрайды, ол төленген кезде бірден қаражат ретінде береміз", - дейді "Батыс су арнасы" ЖШС директоры Әнуар Әркенов.

Оның үстіне, жыл жаңа басталып, мекемелердің жұмысы кеш басталған және бюджеттері бекімегені себепті де қаражаттың түсуі кешеуілдеген. Бүгінде "Батыс су арнасының" қарызы – 900 млн теңге. Оның ішінде, 420 млн теңге – өткен жылдың үшінші, төртінші тоқсанындағы салық қарызы, 120 млн теңге  – электр энергиясы, 58 млн теңге жанар-жағармай үшін қарыз. Ұйымның күнделікті шығыны да шаш-етектен, тозған құбырларды жөндеп, қажетті құрал-жабдықтарды алмай отыру мүмкін емес.

Мекеме басшылығы берешектің бастан асып, қордаланып қалуына коммуналдық тарифтің төмендігі себеп дегенді алға тартып отыр. "Батыс су арнасы" басшылығының айтуынша, қазіргі бекітілген тарифті көтеруге мораторий арқылы тиым салынған, соның салдарынан жыл сайын кемі 60 млн теңге шығынмен шығады екен. Атап айтқанда, мораторийге сәйкес өтемдік тариф 32 теңгені құрайды, оған дейін 44 теңгеге дейін өсірілген қызмет құны қайтадан төмендегесін, серіктестік бес айдың ішінде халыққа 323 миллион теңге ақшаны кері қайтарған.

Сумен жабдықтау мекемесі мәселесінің ушыққаны соншалық, оның ұжымымен қала әкімі Абат Шыныбеков кездесіп, кәсіпорынның шоттары жабылмауы үшін тиісті ұйымдармен жедел жұмыс жүргізіле бастағанын, кәсіпорынды тығырықтан алып шығу үшін осы айдың соңына дейінгі қысқа мерзімді жоспар жасалғанын жеткізді.

Әкімдік өкілімен кездесуде жұмысшылар басқа да мұң-мүқтаждарын ортаға салуға мүмкіндік алған. Мәселен, он жылдан астам еңбек өтілі бар диспетчер Елена Доронина мекемеде бірін-бірі қайталайтын лауазымдық қызметтердің көптігін, оларды ықшамдаса біраз қаражаттың үнемделетінін айтқан. Бұдан бөлек, жұмысынан ақау шыққан қатардағы жұмысшының қатаң жазаланып, ал кәсіпорынды қайта-қайта тұралатып, нашар менеджер екенін көрсететін тұлғалардың ондай әрекеті үшін ешқандай жауап бермейтіні де сынға алған. 

"Батыс су арнасының" басындағы жайды оң шешу үшін алдағы уақытта жергілікті бюджеттен шамамен 100 млн теңге бөлінуі мүмкін. Бұл қаражат алғашқы кезекте жалақы мен әлеуметтік төлемақы берешектерін жабуға жұмсалмақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу