Кейіпкеріміздің азан шақырып қойған аты – Әйгерім. Күнекей деген лақап атпен танылған келіншек блогер, қаржыгер, кәсіпкер.
Оның айтуынша, телеграм-каналды күйеуі ашқан. Ол байланыс және телекоммуникация саласының маманы. Қала интернетсіз қалғанда Күнекейде ғаламторға шығу мүмкіндігі болған.
"Жолдасым екеуміз достарымыз бен таныстарымыздың шетелдегі жақындарына хабарласып, олардың аман-есен екенін жеткіздік. Кейін блогыма Қазақстандағы туыстарымен байланысқа шыға алмай отырған азаматтарға көмек ұсына алатынымды жаздым. Стационарлық байланыс қалпына келгенде жан-жақтан өтініш түсе бастады. Барлық адамның өтінішін орындай алмайтынымды түсініп, волонтерлардан көмек сұрадым. Осылайша, еріктілер қоғамдастығы құрылып, игі іске 1 600 ерікті жұмылдырылды. Штабта 11 үйлестіруші жұмыс істеді", – деді Күнекей Нұрлан.
Блогердің баяндауынша, көмек сұрағандардың саны көбейген кезде өзбекстандық IT-мамандар қоғамдастыққа Telegram-бот жасап берген. Нәтижесінде, жұмыс едәуір жеңілдеген.
Күнекей Нұрланның айтуынша, 300 волонтер адамдармен телефон арқылы тілдесіп отырған. Олар туысқандарына қатысты мәлімет ала алмаған жағдайда солқылдап жылаған. Волонтерлар азаматтарды сабырға шақырып, психологиялық күйзелістен алып шығуға тырысқан.
"Біз мұндайға дайын болмадық. Біз ғана емес, ел дайын болмады. Кей кезде қалай әрекет ету керек екенін де түсінбедік. Бірақ барлығымыз бірігіп, қиын кезеңді артта қалдырдық", – деді Күнекей Нұрлан.
Ол болған оқиғаға құқықтық, саяси баға бермегендерін, тек коммуникациялық вакуумда қалған азаматтарға көмектескендерін атап өтті.
"Бауырларды байланыстыру үшін қолымыздан келгенді жасадық", – деді "Бауырмен байланыс" еріктілер қоғамдастығының өкілі.
Біз "Бауырмен байланыс" волонтерлар штабының үйлестірушісі Тамиля Анчуткинамен де тілдестік. Ол Күнекей Нұрланды бұрыннан білетінін айтты.
"Алматыда бүлік болып жатқан кезде мен балаларыммен Түркияда болдым. Елге орала алмадым. Күнекей Нұрланның бастамасын барынша қолдауға тырыстым. Біз атқарған жұмыс нәтижелі болды", – деді волонтерлар штабының үйлестіруші.
Айбын Асқарұлы