Өткен жылдың 15 желтоқсанында Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылдық округі аумағынан шаруашылық мақсатта уақытша пайдалануға жер телімін беруге қатысты мемлекеттік конкурс ұйымдастырылған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы аумағы 1 651 гектар болатын жерді алуға үш шаруашылық ниет білдірді. Конкурс қорытындысы бойынша жер жөніндегі комиссияның 6 мүшесі "Молша" шаруа қожалығына, тағы 4 мүшесі "АБА" шаруашылығына дауыс берді. Торайғыр ауылдық округінің әкімі Мұхтар Молшин да "Молша" шаруа қожалығын қолдады. Бірақ басым дауысқа ие болған кәсіпкер ауыл әкімінің туған інісі – Нұржан Молшин екені белгілі болды. Сондықтан "АБА" ШҚ басшысы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке шағым түсірді. Кейін ауыл басшысының бұл әрекеті әдеп жөніндегі кеңестің талқысына салынды.
"Тексеру жұмыстары барысында ауыл әкімі жер комиссиясының мүшесі бола тұра жерді інісіне беруді қолдағаны белгілі болды. Оған қоса, тараптар арасындағы мәселені шешкен жоқ. Сол арқылы Әдеп Кодексі талаптарын бұзды. Ол жақын туысы қатысатын конкурс туралы жазбаша түрде хабар беріп, комиссия отырысына қатысудан бас тартуы тиіс еді", – дейді департаменттің бас маманы Елухан Ергебаев.
Өз кезегінде Мұхтар Молшин бауырының конкурсқа қатысатыны туралы сол күні білгенін айтып ақталды.
"Молша" шаруашылығында ірі қара саны көп, ал жер аумағы аз. Дауыс беру кезінде осы мәселені ғана назарға алдым. Ал комиссия отырысынан бас тартуым керек болғаны туралы білген жоқпын", – дейді ауыл әкімі.
Түптеп келгенде, ауыл әкімінің дауысы шешуші болған жоқ. Десе де, кеңес өкілдері Баянауыл ауданының әкіміне оның қоластындағы қызметкердің өз қызметіне лайық емес екені туралы ескерту жолдауды ұйғарды.
Ажар Дәулетова