Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданындағы бірқатар нысандардың құрылыс барысымен танысты. Оның ішінде төрт жылдан бері тұрғындар шағымы таусылмаған Думан ықшам ауданындағы жолдар да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Бүгінде ұзындығы 5,2 шақырым болатын 14 көшеге асфальт төсеу аяқталды. Ұзындығы 22,2 шақырым 39 көшеге асфальт төселеді", – деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Таиров көшесінің тұрғындары өтініш білдірген көшкін қаупі бар беткейге бардып қайтты.
"Жуырда беткейді нығайту жұмыстары басталады. Таиров көшесінің бойына орналасқан 72 үй тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді", – деді шаһар басшысы.
Бұған қоса қала әкімі 1200 оқушыға есептелген №7 мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. Оның тапсырмасы бойынша мектеп жаңа оқу жылына дайын болуы керек.
"Бюджетке қатысу" аясында абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан Ардагерлер аллеясына барған әкімге жергілікті тұрғындар жасөспірімдерге арналған скейт-парк салуды сұрады. Әкім алдағы уақытта бұл мәселе зерделенетін болады деп уәде етті.
Бұдан өзге, қала әкімі тұрғындардың өтініші бойынша аумағы жеке меншікке тиесілі Ұлы Отан соғысы ардагерлері скверінің қазіргі жағдайымен танысты. Жер телімінің иесі саябақты абаттандыру жобасын әзірлеуге және оны ұсынуға ниет білдірді.
Еске сала кетсек, Алматының Думан ықшам ауданындағы көшелерді жөндеу жұмыстары 2016 жылы басталып, сол уақытта бұрынға асфальт сүріліп тасталған. Алайда соңғы төрт жылдан беру тұрғындар шаңға бұғып өмір сүруге мәжбүр болды. Себебі шенділер жолды бірден жөндеуге асыққа жоқ. Осылайша бұл жұмыстар биыл ғана жалғасын тапты.