Алматы әкімі тамыз кеңесінде қаладағы "тиін" мүсініне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Тиін туралы айтылса, яғни Алматы туралы айтылғаны, Қазақстанды айтпағанда әлемдік БАҚ - BBC, Fox News, New York Post, қаншама ресейлік БАҚ ешкім ақша төлемей-ақ жазды. Тиінге жұмсалған қаржыға біз мұндай мықты ақпараттық нәтижеге қол жеткізбес едік. Енді келген туристер ең бірінші кезекте "тиінді" сұрайды. Айтпақшы, еліміздің өзге қалаларынан келгендердің көбі Шымбұлақ пен Медеу үшін емес, "тиінді" көру үшін келеді", - дейді Бәйбек.
Әкім сондай-ақ, осындай дүрлігуді күткенін айтады.
"Шындығын айтқанда, біз қала тұрғындарының осылай дүрлігетінін білдік. "Тиін" алматылықтардың қандай-да бір жаңалықты қабылдауға, алға жылжуға деген дайындығының көрсеткіші болды. Тиін алматылықтардың мінез-құлқын көрсетеді, ол әрдайым қозғалыста, қарекетте, біз сияқты. Жоба авторлары оның үлкендігінің өзі алматылықтардың мінезін көрсетеді дейді. Біз әрдайым түймедейді түйедей еткенді, әсірелеуді жақсы көреміз. Тиін, сонымен қатар, таза ауа, мөлдір су, жасыл ағаш. Ол тек тұмса табиғатта өмір сүреді. Бұл нағыз алматылық жануар", - дейді Бәйбек.
Айта кетсек, Алматыда шілденің басында үлкен сабан "тиін" пайда болды. Оның құны - 23 миллион теңге болған. Бұл мүсінге қатысты халық неше түрлі пікір білдірді, әжуәлады, тіпті көшірмесін де жасап тастады.