Алматы әкімі Бауыржан Байбек Алмалы ауданында жүріп жатқан көріктендіру жұмыстарына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жұмыс сапары барысында қала басшысы қысқа мерзімде шұғыл түрде барлық тротуарлар мен саябақтарды, балалар, спорт алаңдарын қалпына келтіруді бұйырды.
"Әр шаршы метрді, әр көшені реттеу керек. Қоқыс, жолдағы шұрық тесіктер, қисық қоршау бәрі назардан тыс қалмауы тиіс. Біз қаланы жаяу жүргіншілерге ыңғайлы етуіміз керек", - деді ол.
Алмалы ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің айтуынша, биыл 34 мекенжайдағы 10 тротуар, ұзындығы 19,7 км болатын сыртқы жарықтандыру желілері жөнделуі тиіс. Сондай-ақ, 80 аула күрделі жөндеуден өтеді. Қабанбай және Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы сквер, Арбаттағы субұрқақ жөнделеді. Аудан әкімінің Байбекке берген есебінде "Тұрғын үй шаруашылығы" бағдарламасы аясында жыл басынан бері 5 үйде 13 лифт ауыстырылып, 4 үйде күрделі жөндеу басталғаны белгілі болды.