600-ден астам шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың және 15 елдің, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзірбайжан және Орталық Азия дипломатиялық корпусының өкілдері сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралдық трендтерді, дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қатысады.
Форумға қатысушыларды құттықтай отырып, "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл кездесу Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.
"Біздің еліміз осы уақыт аралығында ғасырға татитын үлкен жолды жүріп өтті. Ауыр сынақтарды еңсере отырып, халқымыз мемлекеттілігін қайта жаңғыртып, өзінің ғасырлар бойғы Тәуелсіздік туралы арманын ақиқатқа айналдырды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жете ойластырылған батыл реформалары қысқа уақыт ішінде халықты ұйыстырып, болашаққа деген үміт пен сенім ұялатты. Орнықты экономикасы бар табысты, бейбітсүйгіш мемлекет құруға мүмкіндік берді", –деді Бауыржан Байбек.
Ол Қазақстанның 30 жылдық дамуының басты жетістіктері ретінде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жабу, еліміздің жаңа астанасының салынуы мен ежелгі Түркістанның қайта түлеуі, барлық мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатып, 15 мың км мемлекеттік шекараны бекіту, экономиканы нарықтық трансформациялау бойынша жүргізілген түбегейлі реформалар және Ұлттық қор құру, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына бөлінген ауқымды инвестициялар, халық санын ұлғайту сияқты т.б. оң істерді атады.
Оның айтуынша, бұл жетістіктердің барлығы қауқарлы мемлекеттік қоғамдық-саяси институттардың, дамыған адам капиталының, қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жақсаруының, сондай-ақ Тәуелсіздік жылдарында жолға қойылған "Nur Otan" партиясы секілді үстем саяси күші бар көппартиялық жүйенің арқасында мүмкін болып отыр.
Сонымен қатар, оның пікірінше, еліміздің партиялық-саяси жүйесінің Тәуелсіздік жылдарында қалыптасуын негізгі 3 кезеңге бөлуге болады. Бірінші онжылдық – көппартиялықты заңдық тұрғыда бекіту, партиялардың институттану кезеңі. Екінші онжылдық – партияның сапалы нығаю, мажоритарлықтан пропорционалды сайлау жүйесіне біртіндеп көшу кезеңі. Үшінші онжылдық – үстем саяси күші бар көппартиялық жүйенің қазақстандық моделінің қалыптасуы.
"Осыдан 10 жылдай бұрын Елбасы көппартиялық жүйенің әрі қарайғы ұзақ мерзімді дамуына негіз қалаған "Қазақстан-2050" Стратегиясын, ал 2015 жылы – Бес институционалдық реформаны ұсынды. Конституциялық реформаның нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Парламенттік партиялар атқарушы билікке ықпал етудің қосымша тетіктеріне ие болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің 60%-тен астамының тәжірибесі бойынша пропорционалды сайлау жүйесіне көшу толық жүзеге асырылды. Бұл партиялардың ел өміріндегі рөлі мен маңызын институционалды тұрғыда нығайтты", – деп мәлімдеді ол.
Бауыржан Байбек атап өткендей, 2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан сабақтастық саясаты аясында жалғасуда.
"Президенттік сайлауда айқын жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында: "Біз саяси реформаларды "асығыстыққа салынбай", керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз" деді. Сол сәттен бастап елімізде саяси реформалардың бірнеше пакеті жүзеге асырылды. Партиялар үшін тіркеу кедергісі мен Мәжіліске өтуге арналған кедергі заңнамалық тұрғыда азайтылды, сайлауалды тізімдерде әйелдер мен жастар үшін квота белгіленді, парламенттік оппозиция институты бекітілді, митингілер өткізудің хабардар ету қағидаты, сондай-ақ, ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді", – деді билеуші партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, 2019 жылдың тамыз айында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияны жүйелі "қайта жандандыру" "Nur Otan"-ға жыл басында Мәжіліс пен мәслихат сайлауында тиісінше 72% және 82% жинап, айқын жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Саяси тәжірибеде алғаш рет праймериз өткізіліп, халықтың сұранысы негізінде әр облыс, қала және аудан үшін 216 сайлауалды бағдарлама жасалды.
Тұтастай алғанда, партиялық тізімдер бойынша сайлауға жүйелі түрде көшу партиялардың сайлауалды уәделеріне жауапкершіліктерін арттыра отырып, олардың барлық деңгейде институционалдық нығаюына жағдай жасады.
"Биыл алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында "Nur Otan" округтердің 80%-тен астамында жеңіске жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайлаулар халықтың 40%-тен астамын құрайтын ауыл тұрғындарының мүддесін қозғайтын саяси реформалардың дәйекті бөлігі болғанын атап өтті. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстанның Мәжілісте 3, жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарда – 5, ауылдық әкімдер деңгейінде – 6 саяси партиясы өкілдік етуде. Осылайша, аталған жылдар аралығында қалыптасқан "Nur Otan" партиясы үстемдік ететін көппартиялық жүйе Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі деп нық айтуға болады", – деді Бауыржан Байбек.
Дегенмен, қазіргі проблемалардың жаһандық сипаты бүкіл мемлекеттердің өзара тығыз қарым-қатынас жасап, үйлесе әрекет етуін талап етуде. Осы жағынан алғанда, билеуші партиялар арасындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие. Бауыржан Байбек форумның партиялардың ғана емес, сонымен бірге мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға да өз үлесін қосатынына сенім білдірді.