Медициналық мекемелерді оңтүстіккореялық, израильдік және неміс ұйымдарына беріп жекешелендіруге болады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кәсіпкерлердің жыл сайын өтетін III конференциясы барысында айтты, деп хабарлайды tengrinews.kz тілшісі.
Әкім кей мәліметке сүйене отырып, алматылықтардың шетелде ем алуға 500 млн доллар жұмсайтынын айтып өтті.
"Бұл ақшаны өзімізде қалай қалдыруға болады? Меніңше, біздің адамдардың көпшілігі Оңтүстік Кореяға, Израильге және Германияға барады. Себебі медициналық мекемелеріміз осы брендтерді қалайды. Сондықтан, ақшаны біз баратын адамдарға беру керек. Немесе олардың осында келіп, сол қызмет түрлерін Қазақстанда көрсетуі үшін мамандармен келісу керек. Сонда науқастардың саны да көбейеді. Визаға, жолға, ұшаққа қанша ақша кетіп жатыр. Бізде ереже бойынша адамдар ем алуға бір өзі бармайды", – дейді қала әкімі.
Сондай-ақ Бауыржан Байбек мемлекет басшысының жекешелендіруді 2018 жылға дейін аяқтауды тапсырғанын айтты.
"Біз өзіміз талдау жүргіздік. 2018 жылдың соңына дейін жекешелендіруді жүзеге асырмақшымыз. Мұқият әрекет етіп жатырмыз. Барлық механизмді қолданып көргіміз келеді. Мәселе тек бюджетке түсетін ақшада емес, мәселе біздің жаңа технологияларды енгізуімізде", – дейді Бауыржан Байбек.