Алматы әкімі Бауыржан Байбек құрамында Тичино кантоны сауда өнеркәсіп палатасы директорының орынбасары Марко Пассалия, Axion Swiss басқарма төрағасының орынбасары Bank Альберто Лотти, Enet Energy SA компаниясының басшысы Баруджия Матийа, сонымен қатар Қазақстандағы осы елдің төтенше және өкілетті елшісі Урс Шмид бар Швейцария делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Алматы әкімінің баспасөз қызметі.
Тараптар сауда экономи калық және мәдени байланыс туралы әңімелесті. Марко Пассалия өткен жылдың мамыр айында Алматы мен Лугано арасындағы меморандумға қол қоюдың өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайта түскенін айтты.
"Біз ТҚҚ-ды қайта өңдеу, электр энергиясы жүйесінің тиімділігін арттыру және бірқатар мәдени туристік бағыттағы нақты жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылау үшін келдік. Өзара ынтымақтастық ауқымын едәуір кеңейте аламыз деп ойлаймын", – дейді М.Пассалия.
Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне Швейцарияның бірнеше энергетикалық компаниясы қатысатынын жеткізді.
"Жалпы бұл біз үшін маңызды қадам әрі Алматы бойынша бірқатар жобаларды талқылауға кең мүмкіндік ашады", – дейді Тичино кантоны сауда өнеркәсіптік палатасы директорының орынбасары.
Швейцария делегациясын қабылдау барысында индустриялық аймақ пен "ИТП" АЭА-да шетелдік компаниялардың өндірістік әлеуетін көтеретін мүмкіндіктердің бәрі жасалғандығы айтылды.
Мегаполис әкімі швейцарлық туристік компанияларды 19-21 сәуір аралығында Алматыда өтетін "Туризм және сапар" деп аталатын KITF халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.