Бауыржан Байбектің әкесі сотта кінәсін мойындады

850

Қыдырғали Байбек екі іс бойынша жауапқа тартылды.

Бауыржан Байбектің әкесі сотта кінәсін мойындады

Бауыржан Байбектің әкесі сотта кінәсін мойындады. Бастапқыда судья жауапкердің процесте төбе көрсетпейтінін айтқан. Алайда экс-президенттің сыныптасы онлайн қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Негізі Қыдырғали Байбекті екі іс бойынша жауапқа тартты. Оның біреуі жабық өтті.

Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғалиға қатысты істі Астанада әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Таңертең онда басталған процесс ұзаққа созылмады. Жарты сағатқа жетпей аяқталды. Сот оны "рұқсатсыз кәсіпкерлік"  бабы бойынша кінәлі деп тапты. Яғни ол бақылау органдарына хабарламастан, Астанадағы "Әулет" тұрғын үй кешенінде жеке кіреберіс есіктерін салған.

Байбек мырза кінәсін бар-жоғы 51 мың теңге айыппұлмен жуып шаяды. Егер үкіммен келіспесе, 10 күннің ішінде шағымдана алады. Алайда процеске уатсап мессенджері арқылы қатысқан жауапкер ләм-мим демеді. Жүзін де көрсетпеді. Негізі оған екі бап бойынша іс қозғалған. Біреуі осы болса, екіншісі заңсыз құрлысқа қатысты. Алайда екінші эпизод жабық өтті. Десе де сот кабинетінде жарияланған мәтінде "ол кінәсін толық мойындады" деп көрсетіліпті. Тіпті, жеті күнге жетпей айыппұлын да төлеп үлгерген.

Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің әкесі елге Назарбаевтың сыныптасы ретінде танымал.

Ол өмір бойы теміржол саласында қызмет етіп, зейнетке шықты. 83 жастағы азамат бизнеспен 2013 жылдан бастап белсенді айналысады. Оның атында  "Нұр Тау" бизнес орталығы және "WoodArt" компаниясы тіркелген. 2015 жылы ұлы Алматы әкімі болғанда екі бас қаладан пентхаустар сатып алғаны жөнінде ақпарат шықты. Егер жылжымайтын мүлік сайтынан қарасақ, Елордада теңдесі жоқ ағылшын стилінде салынған үш бөлмелі пәтер 700 млн теңгеге дейін барады. Байбек отбасына мұндай байлық қайдан келді деген сұрақ туындайды. Ал бұл кезде экс-әкім Алматы жерлерін олигархтарға сатады деген әңгімелер қатты таралып, тіпті оны сотқа шақыруын талап еткендер болды.

Негізі Бауыржан Байбек Қаңтар оқиғасынан кейін көзден бұлбұл ұшты. Бірақ арагідік кадрға ілігіп жүрді. Бірде Стамбұл әуежайында жүрді. Былтыр сәуірде анасымен кіші қажылықты өтеген суреті жарияланды. Кейін неміс басылымдары оның Германияда қонақтап жүргенін жазды. Онда ол пионист  Эвелинда Тренкнердің бюстін ашты. Айтпақшы, оны Байбектің өзі қаржыландырды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу