Бауыржан Момышұлының қолжазбасы бар карта Әлкей Марғұланның жеке мұрағатынан табылды

547

Бұл туралы Марғұлан университетінде өткен конференция барысында Margulan Centre археологиялық орталығының қызметкері Еңлік Әбеуова баяндама жасап, алғаш рет көпшілік қауымға жариялады. 

Бауыржан Момышұлының қолжазбасы бар карта Әлкей Марғұланның жеке мұрағатынан табылды Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің тарихшылары Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының Әлкей Марғұланға табыстап кеткен картасын анықтады. Тарихи құжат академиктің жеке мұрағатынан табылған.

Картада Шымкент облысының 1972 жылғы әкімшілік территориясы көрсетілген. Аталған тарихи құжатты Халық қаһарманы академик Әлкей Марғұланға 1973 жылдың желтоқсан айында берген. Міне, содан бері жарты ғасыр уақыт өтті.

Картаның басты бетіне Бауыржан Момышұлы өз қолымен:

  • "Таразыда Тастария,
  • Сайрамдағы Сансызбай,
  • Арыстанда Албарбарыс,
  • Жуалыда Жолбарыс,

Түркістанда Түйменбап" – деген сөздер бар біздің елде, сол сөздердің тарихтары терең, астарлары жер астында (археология) жатқан болар" - деп жазып қойған. Ал картаның артқы бетіне сызба мен оның қысқаша анықтамасын келтірген, яғни ата-бабалары бойынша ақпарат берілген.

"Бұл құжаттың бүгінгі таңда тарихи маңызы өте зор. Себебі 60-тан асып, 70-ке таяған кездегі екі тау тұлғаның арасындағы қарым-қатынасы, туған жеріне, тарихына деген ықыласы сезіліп тұр. Бауыржан Момышұлы жер атаулары мен батыр бабалары бойынша ақпаратпен бөлісе отырып, әрі қарай зерттеуге, тарихты зерделеуге, жаңа мағлұматтар алуға қолқа салып отырғандай", - дейді Еңлік Қабыкенқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу