Баянауыл аэродромына Қарағандыдан алғашқы ұшақ келіп қонды

900

Бүгінгі таңда 35 гектар аумақта орналасқан шағын авиацияға арналған аэродромда жұмыс 95 пайызға аяқталған.

Баянауыл аэродромына Қарағандыдан алғашқы ұшақ келіп қонды

Баянауыл туристік аймағындағы шағын авиацияға арналған аэродром Қарағанды қаласынан алғашқы чартерлік рейсті қабылдады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Сейітжан Жұмашев атап өткендей, төрт және алты орындық екі ұшақта 7 жолаушы болған. Олардың арасында балалар да бар.

"Демалушылар өздері ұшып келуге рұқсат алған. Олар отбасымен Баянауылды аралап, кешкі алтыда кері ұшып кетті. Ұшақ таңертең сағат онның кезінде келіп қонды. Әзірге бізден ұшып шығу және жолаушыларды қабылдау қарастырылмаған. Себебі, аэродромда аэронавигациялық құрылғылар орнату толығымен аяқталған жоқ",– дейді Сейтжан Жұмашев.

Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда 35 гектар аумақта орналасқан шағын авиацияға арналған аэродромда жұмыстың 95 пайызы аяқталған. Ұшу-қону жолағы мен терминал ғимараты дайын. Енді арнайы кабельдерді жеткізіп, іске қосу ғана қалған.

"Қарағанды мен Баянауылдың арасындағы қашықтық 230 шақырымды құрайды. Көлікпен 2-2,5 сағатта жетуге болады. Бұл жолы алғашқы рейспен 35-40 минуттың ішінде ұшып келді. Жалпы, әуе көліктерін қондыруға рұқсат алу бойынша өтінімдер көптеп түсуде", – дейді ол.

Еске сала кетейік, 2017 жылы маусым айында Баянауылдағы аэродромға 18 орындық Лет-410 жолаушылар ұшағы келіп қонған. Екі қозғалтқышы бар әуе кемесімен Павлодардан Баянауылға дейін 16 жолаушы ұшып келді. Екі арадағы жолдың ұзақтығы 40 минутты құрады. Әуе рейсіне жергілікті әуе желілеріне қызмет көрсетуде тәжірибесі мол "Жезқазған Эйр" компаниясы қызмет көрсеткен. Тиісті сертификаттаудан кейін "Астана-Баянауыл", "Павлодар-Баянауыл" рейстерін ашу жоспарланған.

Жобаның құны шамамен 240 млн теңгені құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу