Шараға ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз, ҚР парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев және Мұса Шорманұлының ұрпағы Ғалымжан Дүйсенов қатысты.
"Биыл Ертіс өңірінде атағы алты алашқа тараған тума таланттар мен ойшыл ғұламалардың мерейтойлары аталып өтуде. Тарихымыздан ойып тұрып орын алатын сондай тұлғалардың бірі – Мұса Шорманұлы. Біз бүгін Мұса бабамыздың рухына құрмет көрсетіп, есімін мәңгі ұлықтау және келешек ұрпаққа аманат ету мақсатында жиналып отырмыз. Ол өз заманында бойындағы асыл парасаты мен әділдігінің арқасында жеткілікті білімді, көпке танымал адам болған. Еліміздің асыл перзенттерін біртуар деп атайды. Әулие қонған Мәшһүр Жүсіптің бойына қонған қасиетін де алғаш байқап, Мәшһүр есімін берген. Бұл кесене облыстың қасиетті орындарынан орын алады деген үміттемін", – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов нысанның салтанатты тұсаукесерінде.
ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлының айтуынша, Маңғыстау елінен келген құрылысшылар нысанды тұрғызу үшін үш ай бойы жұмыс істеген. Кесененің биіктігі – тоғыз метр. Мавзолей кешенінің аумағы – 500 шаршы метр. Жоба бойынша 35 миллион теңге жоспарланған болса, оның 25 миллион теңгесі ғана жұмсалған. Қалған қаржы құрылысшыларға берілмек. Құрылысқа қажетті екі тонна ұлутас Ақтау өңірінен жеткізілген.
"Мұса Шорманұлының сұлтан болғаны белгілі. Сондықтан жоғары жағын басына тәж киіп тұрғандай және ағартушылық қасиетін көрсету үшін жан-жағына кітаптарын көрсеттік. Оның қасында бәйібшесі жерленген. Басында сегіз адам жатыр деп ойлаған едік. Алайда археологиялық қазбалардың нәтижесінде 26 адамның мүрдесі шықты. Олардың барлығының басы көтерілді. Кесенені тұрғызуға бүкіл Баянауыл ауданы қызмет етті. Осы іске бастамашы болған облыс әкіміне ризашылығымызды білдіреміз", – дейді Алтынбек Нухұлы.
Бұл күні аспаннан бес ұшақпен шашу шашылды. Қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен концерттік бағдарлама, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды.