Кеше сағат 12.10-да төтенше жағдай қызметінің жедел бөліміне Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында құрғақ шөп жанып жатқаны жөнінде хабар түсті. Сол уақыттан бері өрт басқа аумақтарға таралып үлгерді. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды толығымен ауыздықтай алмай әлек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық жедел штабының мәліметінше, 2 маусым күні сағат 12.10-да Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында құрғақ шөп жанып, ол Жасыбай орманшылығындағы қарағайға тарады. Бұл күні барлығы 5 гектар аумақты қызыл жалын шарпыды.
Павлодар облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, өрт бақылауға алынды.
"Қазіргі таңда өрт сөндіруге 40 техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылды. Ашық өрттің таралуы тоқтатылды. Өрт тау бөктерінде шыққандықтан, толық сөндіруде қиындықтар бар", – дейді Руслан Төлепбаев.
Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарданов өрттің шығуына найзағай түсуі себеп болуы мүмкін деген болжам жасады.
"Кеше Баянауылда күн күркіреп, жаңбыр жауды. Оған қоса, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетті. Соның салдарынан өрт одан әрі жайылып, құрғақ шөп жанды. Қазір ағаштар бықсып жанып жатыр", – дейді Қайрат Шаймарданов.
Мамандардың сөзінше, тікұшақ шақырудың қажеттілігі болған жоқ.
Құндыз Қабылденова