Баянауылда қой басы 240 мыңнан 103 мыңға дейін азайып кетті

1081

Баянауылда қой басы 240 мыңнан 103 мыңға дейін азайып кетті

Павлодар облысының Баянауыл ауданында қой саны 1991 жылмен салыстырғанда 240 мыңнан 103 мыңға дейін кеміген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауовтың ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болды.  

Аймақ басшысы жұмыс сапары бапысында аудан басшылығымен және ақсақалдармен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір тұралап тұрған мәселелерді талқылады. Кездесу барысында ол жайылымдарды қалыпқа келтіру арқылы екі бірдей мәселенің шешімін табуға болатынын айтты.

"Біріншіден, көктемгі қардың еруінен пайда болған суды алқаптарға жіберу арқылы жайылымдық жерлердің аумағы артады. Екіншіден, ауыл шаруашылығының дамуы жеделдей түседі", – деді өңір басшысы.

Кездесуде қой шаруашылығын дамыту мәселесі де сөз болды. Баянауылдықтар аймақ басшысына аудандағы ата кәсіптің тұралап қалғандығына шағымданды. Олардың айтуынша қой шаруашылығының өнімдеріне сұраныстың азаюына байланысты аудандағы қой саны 1991 жылғы 240 мыңнан 103 мыңға дейін кеміген.

"Жағдайды жақсарту үшін қой етін саудаға шығарумен қатар, олардан алынатын тері мен жүнді де пайдаға жарату керек. Сонымен қатар ауданда ет өңдеумен айналысатын кәсіпорын салу да аса өзекті мәселенің қатарында тұр", – деді Павлодар облысының Құрметті азаматы Қорабай Шәкіров.

Аймақ басшысы аудан орталығында ет өңдейтін комбинат салу мүмкіндігін қарастыратынын айтып, жергілікті кәсіпкерлерді бұл шараға атсалысуға шақырды. Сондай-ақ әр ауданның ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасын жасауды және оның барысында әр ауданның өзіндік ерекшелігін есепке алуды тапсырды. 

Облыс әкімі аудандағы су құрылыстары бойынша құжаттарды жинап, оларды 1-ақпанға дейін Су шаруашылығы комитетіне жолдауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу